Жамбыл облысында оқушы өзіне қол жұмсады: отбасы баланың өліміне мұғалімді кінәлайды
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы өзіне қол жұмсады. Отбасы баланың өліміне мектептегі мұғалімді кінәлайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Туыстарының айтуынша, оқушы ағымдағы жылдың 25 ақпанында өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.
“Марқұм – Қали Қуаныш Темірбекұлы, отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл. Ол небәрі 14 жасында, 7-сыныпта оқып жүрген кезінде өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Ол Қаракемер ауылындағы Әбір Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыды. Оқиға биыл 25 ақпанда болды. Оның өзіне қол жұмсауына мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін. Мұғалім кінәлі 2 немесе үшінші сабақта алгебра болып жатқан. Сол уакытта тақтада жазылғанды дәптерге жазыңдар деген. Қасында отырған досы көрмей жатырмын деген соң телефонын алып тақтаны түсіргенде мұғалім фотаға түсіп қалған”, – деп жазды марқұмның туысы.
Мұғалім оқушыға түсініктеме жаздырып алған. Туыстарының айтуынша, кейін мұғалім Қуанышқа әкесін шақыруды тапсырған.
“Мұғалім келіп, “мені түсіріп жатырсың ба?” деп сұраған. Қуаныш “жоқ, тақтаны түсірдім” деген. Сонда мұғалім “мені қанша рет фотоға түсірдің, сонша рет айыппұл саламын. 200 мың теңге төлейсің” деген. Кейін Қуанышқа түсініктеме жаздырған. Оған “айыппұл салуға қарсы емеспін” деп жазуды талап еткен. Қуаныш мұғалімнің айтқанын жазып отырған. Мұғалім “Әкеңді шақыр” деген. Қуаныш “шақырып келемін” депті. Қоңырауға бір минут қалғанда күртесін алып, мектептен жүгіріп шығып кеткен ”, – дейді туыстары.
Сөйтіп қуаныш шығып кеткеннен кейін оны ешкім іздемеген. Кейіннен оқушыны отбасы іздеп таба алмаған. Кейін туысы өз қорасынан асылған күйінде тапқан.
“Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа бір мұғалімнің және директордың сабағы болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары уайымдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған”, – дейді туыстары.
Оқиғадан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары және сынып жетекшісі көңіл айтуға келген. Алайда отбасының айтуынша, алгебра пәнінің мұғалім келмеген. Кейін отбасы адвокат жалдаған. Оған 500 мың теңге төлеген.
Қазіргі кезде туыстары Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 мектепке қатысты да тексеру жүргізуді сұрап отыр.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.