Қоғам

Каспийдегі оқиғадан кейін ұсталған Данияр Хайрушевтің ата-анасы Тоқаевқа үндеу жасады

Каспийде 14 сарбаз қаза болған оқиғадан кейін күдікті ретінде ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтың ата-анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы видеоүндеуді шенеуніктің қызы желідегі парақшасында жариялады. 

“Бұл видеоүндеуді менің әжем мен атам, яғни әкемнің ата-анасы, Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің ата-анасы ретінде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арнап жазды. Олар да ата-ана ретінде әділдік орнап, болған оқиғаның барлық мән-жайы объективті әрі жан-жақты тексерілгенін қалайды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысы мен қасіретіне ортақпыз. Бұл ауыр қазаның қаншалықты қиын екенін жақсы түсінеміз, өйткені біздің отбасымыз да осындай қасіретті бастан өткерген”, – деп жазды автор.

Шенеуніктің әкесі соттан бұл істе дұрыс әрі әділ шешім қабылдауын сұрады. Сондай-ақ, қара жамылып отырған отбасына көңіл айтты.

“Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Данияр туралы бір ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол бала кезден адал, ар-намысты, жауапкершілігі мол азамат болып өсті. Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Оның бұл жағдайға қасақана жол бергеніне сенбейміз”, – деді шенеуніктің анасы.