Қоғам

"Бір-ақ күн өмір сүрді": Астанада жүкті әйелдің егіз сәбилері шетінеп кетті

Астанада егізге жүкті болған әйелдің сәбиі шетінеп кетті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы науқастың туысы Threads желісінде жазды.

«Біздің Әсел егізге жүкті болды. Өкінішке қарай, алты айында бір сәбиімізден айырылып қалдық. Шетінеген ұрықпен босанғанға дейін жүктілігін жалғастыруға болады деп сендірді», – деп жазды ол.

Бірнеше аптадан кейін әйелдің жағдайы нашарлаған. Туысының сөзінше, оны дерматологқа жіберген, антибиотиктер тағайындалған, кейін перинаталдық орталыққа жатқызылған. Сөйтіп шұғыл түрде ота жасалып, 31 аптасында туғызып алған.

«Екінші сәби 31-аптада дүниеге келіп, салмағы 1 келі 600 грамм болды. Дені сау, тіпті жылаған дауысы шықты. Операция жасаған дәрігер өз жұмысын кәсіби түрде атқарып, баланың ширақ екенін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, ол бір-ақ күн өмір сүрді», – деді әйелдің туысы.

Оның айтуынша, баланың өліміне сепсис себеп болған. Отбасы медициналық көмектің сапасын тексеруді сұрап отыр.

«Бүгін ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Ал олардың анасы қазір ауруханада жатыр. Ол жағдайдан әбден шаршағанын айтты. Біз оның жағдайына алаңдап, өзі үшін де, осы ауруханада әлі босанатын басқа әйелдер үшін де қорқамыз», – деп жазды ол.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жарияланымға қатысты пікір білдіріп, қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта пациент босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр, қажетті ем қабылдап, медициналық бақылауда. Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – делінген ведомство түсініктемесінде.

Ведомство жағдайдың бақылауда екенін қосты.