Қоғам

Қазақстанда 1 қазаннан бастап несие алушылар қарыз алмас бұрын жеті сұраққа жауап беруі тиіс

1 қазаннан бастап қазақстандықтар кейбір онлайн-несиелерді рәсімдемес бұрын бірнеше сұрақтарға жауап беруге тиіс. Бұл ереже банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін күшіне енеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жаңа ереже Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің биылғы 15 мамырда қол қойылған қаулыларында қарастырылған.

Шарт жасау алдында банк немесе микроқаржы ұйымы клиентке сауалнама жүргізуі қажет. Сауалнаманың мақсаты - ықтимал алаяқтықты анықтау немесе адамның үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет етіп жатқанын түсіну.

Сауалнама жеті сұрақтан, яғни қарыз алушы несиені рәсімдеуді кім ұсынғанын көрсетуі керек. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдары төменде көрсетілген жайттарды анықтайды:

  • адам несиені өз бетінше ме, әлде үшінші тұлғалардың өтініші бойынша рәсімдеп жатыр ма?
  • ақша не үшін қажет - жеке мұқтаждықтарға ма, "шотты тексеру", "қате аударымды қайтару" немесе "қауіпсіз шотқа" аудару үшін бе?
  • несие шарттарын - сомасын, мерзімін, пайыздық мөлшерлемесін және өтеу кестесін түсіне ме?
  • оған біреу қысым көрсетіп, несиені тез арада рәсімдеуді талап етіп жатқан жоқ па?
  • біреу несие алуды банк, микроқаржы ұйымы қызметкерлерінен немесе туыстарынан жасыруға кеңес бермеді ме?
  • бұған дейін "ақшаны қорғау" немесе "шоттағы операцияларды тексеру" туралы ұсыныспен қоңырау түскен жоқ па?

Егер клиенттің жауаптары ықтимал алаяқтықты немесе адамның үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет ететінін білдірсе, қаржы ұйымы қарыз алу мән-жайына қосымша тексеріс жүргізуге міндетті.

Сонымен қатар клиентке ықтимал алаяқтық әрекеттерге байланысты тәуекелдер туралы қосымша түсіндіріледі.