Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған - Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттары жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жиында Қазақстан мен Германияның цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестігін жолға қою тағы бір басымдық ретінде аталды.
«Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.
«Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін», – деді президент.
Президент Қазақстан тарапы алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.