Денсаулық

Қазақстанда перзентхана, балалар ауруханасы және жедел жәрдем станцияларының басшыларына тексеріс жүргізіледі

Қазақстанда медициналық ұйымдардың басшылығы кезекті аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Instagram-дағы парақшасында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрі медициналық көмек көрсету сапасы тек дәрігердің кәсібилігіне емес, бүкіл медициналық ұйымның жұмысының қалай ұйымдастырылғанына да байланысты екенін мәлімдеді.

"Сондықтан босандыру қызметтері, балалар стационарлары және жедел медициналық жәрдем станциялары ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларын кезекті аттестаттаудан өткізуді тапсырдым. Бұл – жауапкершілігі жоғары қызметтер. Мұнда әрбір басқарушылық шешімнің артында адамның денсаулығы, кейде өмірі тұр", - деді ол.

Оның айтуынша, аталған қызметтерде барлығы 1 100 басшы мен олардың орынбасары жұмыс істейді. Қазіргі кезеңде олардың 357-сі аттестаттаудан өтеді. 14 қазаннан бастап олар тестілеуден өте бастайды.

"Аттестаттау – тұрақты түрде өткізілетін рәсім. Алайда менің талабым – оны формальды рәсімге айналдырмау. Бізге стандарттар мен нормативтік талаптарды жай ғана білетін емес, олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ете алатын басшылар қажет. Яғни олар команданың жұмысын ұйымдастырып, пациентке медициналық көмектің уақтылы әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етіп, қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына жағдай жасай білуі керек. Бас дәрігер өзінің жауапкершілігі кабинет есігімен шектелмейтінін түсінуі керек. Ол бүкіл медициналық ұйымның қалай жұмыс істейтініне және нәтижесінде адамның қандай көмек алатынына жауапты", - деп қосты министр.

Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау жүйесі жұмысының басты нәтижесін де атап өтті – адам қажетті көмекті уақытылы алып, өзін қорғалған адам сезінуі және медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне сенімді болуға тиіс.