Қазақстанда алдағы үш күнде қар жауып, -6 градусқа дейін аяз болады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:38
- 16
1–3 қазан аралығында елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, батыс пен солтүстік-батыста жаңбырдың соңы жылбысқы қарға ұласуы мүмкін. Кей аймақтарда түнде температура -6 градусқа дейін төмендейді.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 1–3 қазан аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, жел күшейеді деп күтіледі, ал елдің батысы мен солтүстік-батысында жауын-шашын жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде болады.
Елдің батысында ауа температурасы түнде -1…-6 градусқа дейін төмендеп, күндіз небәрі +3…+8 градус жылы болады.
Солтүстік-батыста күндізгі уақытта температура +15…+25 градустан +5…+15 градусқа дейін төмендейді.
Сонымен қатар елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында негізгі температуралық фон +13…+23 градус жылы болады.
Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста күн жылырақ болады, атап айтқанда +20…+25 градус, ал таулы аймақтарда температура +10…+15 градусты көрсетеді.
Бұған дейін синоптиктер Қазақстандағы қазан айына арналған ауа райы болжамын айтқан болатын. Айдың басында кей өңірлерде әлі де салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады, алайда кейін температуралық фон өзгере бастайды. Бұл ретте ауа райы аймақтар бойынша айтарлықтай ерекшеленеді: кей облыстарда жылы болса, басқаларында күн суытып, жаңбыр мен жылбысқы қар жаууы мүмкін.



