Қызылорда облысында инвестициялық жобаға бөлінген қомақты қаражат жымқырылғаны анықталды
Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған.
Қызылорда облысында мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың жымқырылғаны анықталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
2021 жылы "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ның қатысуымен "Сыздық Ата" ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған.
"Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құрады. Жоба ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған", - деп жазылған хабарламада.
Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған.
Тергеу деректеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы "Нұрай" және "Абылайхан" ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.