Алматыда екі блогер 5 тәулікке қамалды
Алматыда екі танымал қазақстандық блогер әкімшілік жауапқа тартылып, 5 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері TikTok желісіне мониторинг жүргізу барысында екі жас жігіттің былапыт сөздер айтқан видеожазбасын анықтады.
Авторлар видеодағы әрекеттерін әзіл ретінде ұсынған.
Видеодағы адам 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов екені анықталды.
Сот шешімімен екеуі де кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, Ибраим Стамбековтің Instagram парақшасында 400 мыңнан астам, ал Абай Абдыхановтың парақшасында 110 мыңнан астам жазылушы бар.
ІІМ қоғамдық ақпарат кеңістігінде балағат сөздер мен қорлайтын сөздерді қолдану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Полицияның айтуынша, контенттің әзіл ретінде ұсынылуы авторларды жауапкершіліктен босатпайды.