Қоғам

Алматылық студенттер Көк-Жайлаудың болашағына бейжай қарамайды

Алматыда жастар мен студенттердің бастамасымен Almaty SuperSki жобасына арналған бірқатар ашық кездесу өтті. Студенттер жобаның операторы – «Kazakh Tourism Development» компаниясымен тікелей диалог орнатуды ұсынып, оның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевты кездесуге шақырған.

Кездесудің негізгі мақсаты – Алматының таулы аймақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты жоспарлар туралы ақпаратты тікелей жоба өкілдерінен алу, студенттердің сұрақтарына жауап беру және таудың болашағына қатысты ұсыныстарды талқылау.

Кездесуге Алматы технологиялық университеті мен Satbayev University студенттері қатысты.

Студенттерді қандай мәселелер қызықтырды?

Кездесу барысында Ержан Еркінбаев Almaty SuperSki жобасының тұжырымдамасы, негізгі параметрлері және оның Алматыны халықаралық тау туризмі орталығына айналдыруға қосатын ықтимал үлесі туралы айтып берді.

Жастар тарапынан тауға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, студенттер:

* Алматы тұрғындары үшін тауға барудың қолжетімділігін;
* бұқаралық спортты дамыту мүмкіндіктерін;
* жыл бойы жұмыс істейтін туристік инфрақұрылымды;
* қауіпсіздік мәселесін;
* табиғи аумақтарды сақтау тетіктерін;
* білім алу мен кәсіби дамуға арналған мүмкіндіктерді;
* жаңа жұмыс орындарының ашылуын талқылады.

Жиын барысында Көк-Жайлау мен Алматының таулы аумақтарының болашағы да жастардың қызығушылығындағы маңызды мәселелердің бірі болды.

5 мыңға жуық жұмыс орны құрылуы мүмкін

Жоба аясында шамамен 5 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғаны айтылды.

Бұл ретте туризм және қонақжайлылық саласымен қатар, инженерия, экология, маркетинг және тау инфрақұрылымын пайдалану бағыттарында мамандарға сұраныс артуы мүмкін.

Осыған байланысты профильдік мамандықтарда білім алып жатқан студенттер үшін жоба жаңа кәсіби мүмкіндіктер қалыптастыратын алаңға айналуы ықтимал.

Компания өкілдерінің айтуынша, бүгінгі студенттер бірнеше жылдан кейін Алматыда қалыптасатын жаңа туристік экожүйенің мамандарына айналуы мүмкін.

Жастардың жобадан күткені қандай?

Кездесуге қатысқан студенттер де өз пікірлерін білдірді.

Алматы технологиялық университетінің 3-курс студенті Әділбек Нұрислам тау туризмін дамыту Алматының табиғатын кеңінен танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Тау туризмінің дамуы Алматының әсем табиғатын көрсетуге көбірек мүмкіндік беретіні қуантады», – деді ол.

Ал кездесуге қатысқан Касымова Жанел Талғатқызы мектеп оқушыларына арналған шаңғы сабақтарын өткізу идеясын атап өтті.

«Маған мектеп оқушыларына шаңғы тебуді тегін үйрету идеясы ұнады. Бұл балаларға спортпен айналысуға және таумен ерте жастан танысуға мүмкіндік береді», – деді студент.

Жастардың пікірінше, тау инфрақұрылымын дамыту балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, Алматының табиғи әлеуетін танытуға мүмкіндік беруі мүмкін.

«Студенттердің өзі диалог ұсынды»

«Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев кездесудің студенттердің өз бастамасымен ұйымдастырылғанына назар аударды.

«Біз үшін бұл кездесулердің бастамасы студенттердің өзінен шыққаны маңызды. Жастар Алматы тауларында не болатынын, жоба қалай жүзеге асатынын және оның қала мен өздері үшін қандай мүмкіндік беретінін түсінгісі келеді. Біздің міндетіміз – осы сұрақтарға барынша ашық жауап беру», – деді Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, қазіргі студенттер бірнеше жылдан кейін туристік салада еңбек етіп, Алматының дамуына үлес қоса алады. Сондықтан олардың жобаны талқылауға қатысуы маңызды.

Диалог жалғасады

«Kazakh Tourism Development» компаниясы студенттермен және жастармен мұндай кездесулерді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Компания өкілдері университеттермен, сарапшылармен және Алматы тұрғындарымен тікелей диалог орнатып, Almaty SuperSki жобасының жүзеге асу барысы туралы ақпарат беріп, таулы инфрақұрылымды дамытуға қатысты сұрақтарға жауап беруді көздеп отыр.

Айта кетейік, Kazakh Tourism Development Ltd. – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Компания жыл бойы жұмыс істейтін туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған басым жобаларды жүзеге асыру үшін құрылған. Негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сай заманауи әрі тұрақты туристік экожүйе қалыптастыру.