"Бізді соғысқа жібермекші": Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған қазақ жігіті көмек сұрады (Видео)
20 жасқа толмаған Шымкент тұрғынының қасында тағы 8 қазақ жігіті бар.
Шымкент тұрғыны Ресейге жұмысқа кеткен інісінің соғыс аймағына жіберілгелі жатқанын айтып, көмек сұрады
Шымкент тұрғыны Ресейге жұмыс істеуге кеткен інісінің әскери қақтығыс аймағына жіберілгелі жатқанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. KYN.KZ. редакциясына хабарласқан Айнабектің әпкесі ел болып жедел әрекет етпесек баланың уақыты санаулы, соғыс ортасына жіберілгелі тұ деп отыр.
Туыстарының айтуынша, Айнабек есімді жас жігіт таныстары арқылы Ресейге мектептер мен балабақшаларды күзететін күзетші болып жұмыс істеу үшін барған. Алайда Ресейге жеткеннен кейін оған түрлі құжаттарға қол қою ұсынылған.
Орыс тілін жетік білмейтін Айнабек әпкесіне жіберген аудиожазбасында құжаттардың мазмұнын оқымағанын айтады.
«Оқыған жоқпын, қол қойып бердім», – деген ол жақындарына жіберген аудиожазбасында.
Әпкесінің сөзінше, Айнабек пен онымен бірге барған жігітті «БАРС» деп аталатын ұйым өкілдері күтіп алған. Жігіттер осы атау көрсетілген құжаттарға қол қойған.
Туыстарының мәліметінше, келесі күні Қазақстаннан барған азаматтарға тағы басқа құжаттар ұсынылған. Олар құжаттарға қол қоюдан бас тартқан кезде қысым мен қорқытуға тап болғанын айтқан.
«Сендерде артқа қайтуға жол жоқ», «Сотталасыңдар», «Қамаласыңдар», «Қатаң жазаланасыңдар» деген сөздер айтылғанын Айнабек жақындарына жеткізген.
Жас жігіт туыстарымен WhatsApp арқылы байланысып, қолындағы ақпаратты беріп отырған. Кейде өз нөмірінен, кейде жанындағы шетелдік азаматтың телефонынан хабарласқан.
Жақындарының болжамынша, қазіргі уақытта Айнабек Луганск маңындағы әскери бөлімдердің бірінде болуы мүмкін. Соңғы рет байланысқа шыққанда ол өзі сияқты барған жігіттердің әртүрлі соғыс аймақтарына жіберіліп жатқанын айтқан.
Айнабек 2006 жылы дүниеге келген. Туыстарының мәліметінше, ол 2026 жылдың маусым айында Алматыда Ұлттық ұлан қатарындағы мерзімді әскери қызметін аяқтап, елге оралған.
Қазіргі уақытта оның жақындары Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдарынан көмек сұрап отыр.
Оқиғаға қатысты ресми органдардың түсініктемесі жарияланған жағдайда ақпарат толықтырылады.