Қоғам

Ұлдана Мырзуанның қазасы: сот істі прокурорға қайта жолдады

Астанада сот тұрғын үй қасбетінің құлауы салдарынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісін басқа қылмыстық іспен біріктіру үшін прокурорға жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков істі прокурорға жолдап, басқа қылмыстық іспен біріктіру туралы өтініш білдірді.

Айта кетейік, жоспар бойынша бүгін сотталушы Сауле Жұбаниязова сот отырысында соңғы сөзін айтуы керек болатын.

Нәтижесінде судья Меруерт Абаева сотталушы Сауле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі басқа қылмыстық іспен біріктіру ісін шешу үшін прокурорға жолдау туралы шешім шығарды.

«Бұған Астана қаласының ауданаралық тергеу сотының 2026 жылғы 1 қазандағы қаулысы негіз болды. Аталған қаулымен тұрғын үй құрылысына қатысы барларға қатысты осыған дейін тоқтатылған қылмыстық іс бойынша шешімнің күші жойылды. Сот сондай-ақ құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын ескерді. Оған сәйкес, нысанның қасбетінің құлауына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы сияқты бірнеше себеп қатар әсер етуі мүмкін. Қазіргі істі тек МИБ төрағасы Жұбаниязованың әрекетіне баға беру арқылы қарауға болмайды. Қолда бар құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында нысанның қасбетінің құлауына бірнеше себеп қатар әсер етуі мүмкін екені көрсетілген. Олардың қатарында конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы да бар», – деп түсіндірді судья.

Ол осыған байланысты төтенше жағдайдың туындауына қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуге тиіс екенін атап өтті.