Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Таулар кеңседен жарты сағаттық жерде: Алматы халықаралық сарапшыны несімен таңғалдырды

Таулар кеңседен жарты сағаттық жерде: Алматы халықаралық сарапшыны несімен таңғалдырды
Фото: KTD
Лукас Маршан — тау-шаңғы индустриясы саласындағы халықаралық сарапшы әрі топ-менеджер, Францияның DFC тау-шаңғы курорттары қауымдастығының президенті. Ол Француз Альпілері, Қазақстан және БАӘ-дегі курорттарды жобалау, салу және жаңғыртуға қатысқан.

Сарапшының тәжірибесі техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуден бастап, нысандарды іске қосу мен басқаруға дейінгі бағыттарды қамтиды, деп жазды inform.kz  сайты.

Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Лукас Маршан Almaty SuperSki жобасының әлеуеті, экологиялық тәуекелдері және таулы аумақтарды заманауи талаптарға сай дамыту жолдары туралы айтты.

— Сіз Монблан аңғары мен Валуардағы Альпі курорттарын дамытуға қатыстыңыз. Алматыны Еуропадағы танымал тау туризмі орталықтарымен салыстырсақ, қаланың әлемдік деңгейдегі біртұтас туристік кластер қалыптастыру әлеуеті қандай?

— Әлеуеті өте жоғары, бұған күмән жоқ. Бірақ әлеует — тек бастамасы. Жобаның одан арғы табысы оның қалай жүзеге асырылатынына байланысты.

Алматының бірнеше маңызды артықшылығы бар. Біріншісі — таулардың қалаға өте жақын орналасуы. Бұл — шынымен бірегей мүмкіндік. Әлемде кеңседен шығып, небәрі 20–30 минутта, тіпті одан да жылдам тауға жетуге болатын ірі қалалар көп емес.

Екінші артықшылық — халықаралық әуежайдың жақындығы. Оған шамамен 50 минутта жетуге болады. Бұл ішкі туризммен қатар халықаралық туризмді де дамытуға мүмкіндік береді.

Үшіншісі — аумақтың ерекшелігі. Әрине, Көкжайлаудың жер бедерін мінсіз деуге келмейді. Таулы жерде әрдайым белгілі бір қиындықтар болады. Дегенмен Алматы маңында көрген аумақтардың ішінде бұл жер маған осындай жоба үшін ең қолайлы болып көрінді. Мұнда, мәселен, шаңғы тебуді жаңадан үйреніп жүргендерге арналған жасыл және көк трассалар жасауға мүмкіндік бар. Меніңше, бұл — жоба үшін оңтайлы орын.

— Жақында Шымбұлақ пен Медеуде болдыңыз. Алматылықтар арасында тауда демалуға сұраныс қаншалықты жоғары? Таулы аумақтарды одан әрі дамыту қала тұрғындарының өмір сапасына қалай әсер етуі мүмкін?

— Бұған сенімдімін. Оның басты себептері жоғарыда айтқанымдай: таулар қалаға жақын, қолжетімді әрі курорттық инфрақұрылымды дамытуға қолайлы.

Бірақ мен тағы бір нәрсеге назар аудардым. Шымбұлақ пен Медеуде Алматы халқының қаншалықты жас, белсенді әрі серпінді екенін көрдім. Еуропада біз мұндай демографиялық жағдайды тек армандай аламыз. Өйткені көптеген еуропалық мемлекет халықтың қартаю мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.

Адамдардың тауға ұмтылатыны байқалады. Олар серуендейді, балаларымен уақыт өткізеді, демалыстың жаңа түрлерін байқап көреді. Қоғам дамыған сайын демалыс мәдениеті де өзгеруге тиіс. Бұл өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Тауда уақыт өткізу телефонға үнемі үңіліп отырудан немесе бос уақытты тек сауда орталығында өткізуден мүлде бөлек әсер береді. Мен мұндай демалыстың өзін жаман деп отырған жоқпын. Бірақ табиғат аясындағы белсенді демалыс адамдардың көңіл күйіне оң әсер етіп, өмір сапасын жақсарта алады.

— Сіз Еуропа, Азия және Таяу Шығыстағы тау жобаларымен жұмыс істедіңіз, соның ішінде Ski Dubai жобасын іске қосуға қатыстыңыз. Almaty SuperSki жобасын сынаушылар Еуропадағы әйгілі курорттардың көбі экологиялық талаптар қазіргіден әлдеқайда жеңіл болған кезеңде салынғанын айтады. Олардың пікірінше, бүгінде мұндай жобаларға рұқсат берілмеуі мүмкін. Бұл уәж қаншалықты негізді?

— Мен бұл пікірмен келіспеймін. Мұны атамнан сұрау керек шығар, бірақ Францияда 1950–1960 жылдары тау-шаңғы курорттары дами бастағанда да: «Мұны не үшін істеп жатырсыздар? Біз ауыл шаруашылығымен айналысып келдік, сол жеткілікті емес пе? Туризмнің не қажеті бар?» деген адамдар болғанына сенімдімін.

Кез келген өзгеріс алаңдаушылық туғызады. Францияда осыдан 50 жыл бұрын туризмді дамытудан бас тартқан көптеген аңғарларды білемін. Қазір олардың кейбірі мұндай қадамды ертерек жасау керек еді деп мойындайды. Жаңа экономикалық мүмкіндіктер болмаған соң, тұрғындар біртіндеп қалаларға көшіп кетті. Таулы өңірлер тарихи тұрғыдан аса ауқатты болған емес, ал халықтың көшуі жағдайды одан әрі қиындатты.

Сонымен бірге экологияға қатысты алаңдаушылықты түсінемін. Бұрын ірі құрылыс компаниялары жобалардың қоршаған ортаға әсеріне қазіргідей мән бермегені рас.

Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Адамдардың тауға ең алдымен табиғат пен әсем көрініс үшін келетінін түсінеміз. Соңғы онжылдықтарда курорттарды салу және пайдалану кезінде қоршаған ортаға түсетін салмақты едәуір азайтуға мүмкіндік беретін технологиялар мен тәсілдер пайда болды.

Табиғатқа әсерді толығымен жою мүмкін емес. Бірақ дұрыс жоспарлау мен сауатты басқару арқылы оны барынша азайтуға болады. Сонымен қатар таулы аумақтарды дамыту адамдардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, табиғаттың құндылығын тереңірек түсінуге ықпал етеді.

Адам тауда уақыт өткізіп, оның сұлулығын көріп, жақсы әсер алса, бұл жерге деген көзқарасы да өзгереді. Оны қорғауға, сақтауға ұмтылады, қоқыс тастамауға тырысады. Табиғатқа құрмет көбіне адамның жеке тәжірибесінен басталады.

— Құрылыс кезінде және курортты кейін пайдалану барысында табиғатқа түсетін салмақты азайту үшін қандай заманауи шешімдер қолдануға болады?

— Ең алдымен құрылыс кезінде жергілікті табиғи жағдайды ескеру қажет. Жол немесе ғимарат салғанда бекітілген жоспар болады. Бірақ таулы жерде жұмыс істеу белгілі бір деңгейде икемділікті талап етеді.

Мәселен, беткейді дайындау барысында жобалау кезінде толық ескерілмеген ағаш немесе сулы-батпақты аумақ кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда бастапқы жобалық шешімді өзгерту қажет.

Яғни жоба бастапқы жоспарға ғана сүйенбей, аумақтың нақты жағдайына бейімделуі керек. Бұл — экологиялық жауапты дамудың негізгі қағидаттарының бірі. Табиғи жер бедерін өзгертуге ұмтылмай, керісінше, оның ерекшеліктерін ескеріп жұмыс істеу қажет.

Алматыда Kazakh Tourism Development командасымен жұмыс барысында көргенімізге сүйенсек, сіздерде мұндай міндеттерді атқара алатын мамандар мен қажетті құзырет бар. Бұл өте маңызды. Өйткені мұндай сараптамалық тәжірибе кез келген жобада кездесе бермейді.

Курорттың кейінгі жұмысы да маңызды. Францияда тау-шаңғы курортында бір күн демалудың көміртек ізіне қатысты зерттеу жүргізілген. Оның нәтижесі шығарындылардың негізгі бөлігі курорттың өз жұмысынан емес, келушілердің курортқа жету үшін пайдаланатын көлігінен туындайтынын көрсеткен.

Almaty SuperSki жобасында келушілердің едәуір бөлігі курортқа қоғамдық көлікпен және гондолалы аспалы жолмен жете алады. Сондықтан жобалау кезеңінің өзінде курорттың қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік беретін қолайлы тәсілдердің бірі қарастырылып отыр.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар