«Семей орманындағы» ағаштарды заңсыз кесуге рұқсат берген лауазымды тұлғалар ұсталды
"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватындағы лауазымды тұлғалар ақша үшін орманның құнды учаскелеріне заңсыз қолжетімділік беріп, ағаштарды жаппай кесу мен сатуға жағдай жасаған деген күдікке ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп оларға тосқауыл қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметтері бойынша, айыпталушылар ағаштарды жаппай заңсыз кесумен байланысты тұрақты схема құрған.
"Атап айтқанда, олар ақшалай сыйақы үшін ең өтімді орман учаскелеріне кедергісіз кіру мүмкіндігін қамтамасыз еткен. Тінту барысында бухгалтерлік құжаттама, кесуге арналған орман орамдары мен ақша қаражатын бөлу туралы қолмен жазылған жазбалар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер алынды", - деп мәлімдеді ҰҚК.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі - "Пара алу" бойынша жүргізіледі. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.