Атырауда 1,1 млрд теңгелік алаяқтық жасаған «Абырой Авто» автосалонының басшылары сотталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 21:27
- 1
Сондай-ақ сотталғандар жәбірленушілерге 1 миллиард 147,8 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар сотталғандарға алты жыл бойы коммерциялық ұйымдар құруға және басқаруға, материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Айыптау нұсқасы бойынша, олар коммерциялық сатып алу желеуімен иелерінен көліктерін алып, оларды автосалон қызметкерлеріне қайта рәсімдеп, үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Сот отырыстарында 103 жәбірленуші мен 100-ден астам куәгердің айғақтары тыңдалды. Сот процесі сегіз айға созылды.
Судья Эльмира Ойқұлованың айтуынша, сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Мемлекеттік айыптаушы, Атырау прокуратурасының прокуроры Абылайхан Әбужановтың түсіндіруі бойынша, қылмыстық схема көлік иелерінің сенімі мен ақшаны тез төлеп беру туралы уәделерге негізделген. Жәбірленушілерге көлік автосалонның атына рәсімделгеннен кейін оның ақшасы 10 жұмыс күні ішінде төленетіні айтылған.
Алайда іс материалдарына сәйкес, көліктер автосалон қызметкерлерінің немесе үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, кейін қайта сатылған. Соның салдарынан жәбірленушілер көліктері үшін ақшасын да, көліктерінің өзін де ала алмаған.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, келтірілген шығынның жалпы көлемі - 1 миллиард 147 миллион 800 мың теңге болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



