Қазақстанға Ресейден оба инфекциясының келу қаупі бар ма?: ДСМ жауап берді
Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері қайтыс болғаннан кейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ондағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Аса қауіпті инфекция таралуы мүмкін деген хабарламаға байланысты шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Иркутск облысындағы обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері қайтыс болғаннан кейін 197 адам медициналық бақылауға алынған.
ДСМ Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда екенін, сондай-ақ алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде екенін хабарлады.
"Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланады", - деп хабарлады министрлік.
Қазір мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Министрлік мәліметінше, көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ.
Сапардан кейін ауру белгілері байқалған жағдайда қазақстандықтарға медициналық көмекке уақтылы жүгініп, дәрігерге қайда болғанын және қашан келгенін хабарлауға кеңес беріледі.
Айта кетсек, 2 қазанға қараған түні Шелехов аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде 28 жастағы Дарья Шипилова қайтыс болды. Ол Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп, қауіпті патогендерді зерттеумен айналысқан.
Ресейлік мамандар ол инфекцияны қалай жұқтыруы мүмкін екенін анықтап жатыр.