Қоғам

Семейде студенттің шотына 16 миллион теңгеден аса қаражат түскені анықталды

Семейде жергілікті университет студентінің шотына 16 миллион теңгеден аса қаражат түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті, дропперлерді іздеу және олардың банк шоттарын ақша аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланумен айналысқан бір топ тұлғаның заңсыз әрекетін әшкереледі. Университеттің алты студенті анықталып, олардан жауап алынды.

"Тергеу деректері бойынша, оларға тиесілі банк карталары ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Кейін түскен қаражат бөлшектеліп, басқа шоттарға аударылған. Бұл оның шығу тегін жасыруға, қаржы ағынын бақылауды қиындатуға және кейін ақшаны қолма-қол шешіп алуға мүмкіндік берген", - делінген таратылған хабарламада.

Тек қана бір студенттің шотына 16 миллион теңгеден аса қаражат түскен және ол 25 азаматтан жіберілген.

Ақша жіберген азаматтар интернет-алаяқтыққа байланысты істер бойынша жәбірленушілер екені анықталды.

Тергеу жалғасып жатыр.