25 миллиард теңге қаржы жинаған: Asar Baspana ұйымдастырушысына қатысты сот үкімі шықты
Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасының ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, тағы бірнеше айыпталушыға шартты жаза тағайындалды.
2023 жылғы қаңтарда Т. есімді азамат Asar Baspana тұтыну кооперативінің бағдарламаларына қатысуға адамдарды тартқан. Ол жерде қатысушыларға табыс тауып, автокөлік немесе баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар ұсынылған.
Жаңа салымшыларды тарту үшін ұйымдастырушы Қазақстанның түрлі қаласында өңірлік кеңселер ашып, кездесулер мен онлайн іс-шаралар өткізген және құрылым мүшелеріне нұсқаулар беріп отырған.
Кейін бұл қызметке тағы бірнеше адам мен өңірлік басшылар тартылған. Олар жаңа қатысушыларды іздеумен, кеңселердің жұмысын жүргізумен, ақша қабылдаумен және оны бақылаудағы шоттарға аударумен айналысқан.
Asar Baspana қызметі аясында азаматтардан барлығы 25 422 708 589 теңге тартылған. Сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, сондай-ақ жеті жылға қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Тағы үш айыпталушы алты жылға қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Т., Б., Д. және И.-ге қатысты мүлікін тәркілеу туралы шешім шығарылды. Сот тәркіленген мүлікті жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге бағыттауды қаулы етті.
Ал қалған сотталушыларға отбасылық жағдайы, жасы, кәмелетке толмаған балаларының болуы және құрылым қызметіндегі қосалқы рөлі ескеріліп, шартты түрде жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.