Жалақысы аз, қымбат пәтер алған қазақстандықтарды салық органдары тексеруі мүмкін
Қазақстанда салық органдары азаматтардың табысы мен шығысын салыстырып тексереді.
Егер ресми жалақысы аз бола тұра, адам қымбат мүлік сатып алса, оған қаражаттың қайдан келгені туралы сұрақтар қойылуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Журналистер егер адам 300 мың теңге көлемінде ресми жалақы алады, екі кредиті бар, бірақ соған қарамастан 100 миллион теңгеге пәтер сатып алады. Салық органдары оның ақшаны қайдан алғанын және сол табыстан салық төленген-төленбегенін қалай анықтайды? деген сұрақ қойды.
Тұрысовтың айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары деректерді салыстырудың өзіндік әдістемелерін қолданады. Табыс пен шығыс арасындағы айтарлықтай алшақтық сұрақтардың туындауына негіз болуы мүмкін.
"Егер сізде ешқандай табыс көзі болмаса, бірақ жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да дүниелер пайда болса, онда кіріс пен шығыс бөліктері салыстырылатындықтан, сұрақ туындайды", - деп түсіндірді вице-министр.
Бұл ретте азамат қосымша табыстары туралы мәлімет ұсына алады және сатып алуды қандай қаражат есебінен жасағанын түсіндіре алады.
"Мәселен, адамның жалақысы бар, басқа ешқандай табыс көзі жоқ, бірақ ол пәтер, үй, бес-алты автокөлік сатып алса, мынадай сұрақ туындайды: бұл қаражат оған қайдан келді? Бұл - айқын мысалдар", - деді Тұрысов.
Шенеунік азаматтың басқа табыс көздерін, мысалы, консультациялардан тапқан табысын көрсетіп, тиісті салықты төлей алатынын нақтылады.
Тұрысов банктік мәліметтерге қолжетімділіктің шектеулі екенін хабарлады. Азаматтардың мүлкі туралы ақпараттың болуы салық органдары олардың барлық мобильді аударымдарын көріп отыр дегенді білдірмейді.
"Біз сақтайтын банктік құпия туралы заң бар. Тек белгілі бір жағдайларда ғана деректерді көре аламыз", - деп түсіндірді ол.