Қоғам

Мектептегі әлімжеттік: Жамбыл облысында 10-сынып оқушысы қаза тапты

Жамбыл облысында мектеп баласы әлімжеттіктің құрбаны болды.

Байзақ ауданындағы Ботомойнақ ауылында 10-сынып оқушысы көкірек тұсынан алған ауыр соққыдан есін жимастан жан тапсырған. Қазір өзінен кіші балаларға қол көтерген жоғарғы сыныпта оқитын күдікті қамауға алынды. Ал ұлынан айырылып қара жамылған отбасы тергеудің әділ өтуін сұрап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Ұлынан айырылған отбасы күні кеше марқұмды жер қойнына табыстаған. Олар қайғылы жағдайдан кейін әлі де есін жия алмай отыр. Марқұмның әкесінің айтуынша, ауыл балалары арасында бұған дейін жанжал болмаған. Әйтсе де ол төменгі сыныптың балаларына сес көрсетіп, ұрып «тәрбиелеу» дерегі барын жасырмады.

«Бәрін ұрған, құламаған. Ең соңында менің балам тұрған. Ол телефонын шұқылап тұрған. Өзі арық, ұзын бойлы, жіңішке бала болатын. Көкірегінен ұрған кезде шалқасынан құлаған. Бұлар талып қалды ма деп, көршінің үйінен су алып келіп, су шашқан. Отырғызған, тұрғызған. Балам оянбаған. Сөйтіп жарыққа шығарған да, «стадионда құлап қалды» деп жедел жәрдем шақырған да, қашып кеткен», - дейді марқұмның әкесі Ертай Қонысбаев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, балалар сол күні футбол алаңына жиналыпты. Алайда жоғары сынып оқушылары қараңғы түсе, төменгі сыныптың оқушыларын осында жинап, біртіндеп соққыға жыға бастаған. Көкірек тұсынан алған қатты соққыдан талып қалған Миятжанды қатарластары осында алып келіп жатқызыпты. Жедел жәрдем келгенше, жас жеткіншек осында жатып жан тапсырған. 

Марқұм болған Миятжанның анасы баласының қой аузынан шөп алмайтын момын жігіт болғанын айтады. Олар IT саласына қызыққан оқушының болашағынан зор үміт күтіп жүрген. Алайда жастар арасындағы әлімжеттік үкілеген үмітті су сепкендей басты, дейді. Олар ауыл жастарының тәрбиесіне көңіл бөлуге тиіс ақсақалдар алқасы арағайындыққа салып, кешірім беруге үгіттеп келіп жүргенін айтады.

«Негізі ауыл ақсақалдарының жүретін уақыты еді ғой, жүрмеді ғой осындайда. Ауылда жүрсе, осындай нәрсе болмайтын еді ғой. Баламызды жерледік, содан кейін ауыл ақсақалдары кешірім сұрап келіпті. Олардың кешірім сұрап келгені дұрыс емес еді. Айдаладағы біреуге кешірім сұратып келді. Келетін болса, 1-2 адам келсін, ауыл ақсақалдары келмесін дедім», - деді Айгүл Абзалиева, марқұмның анасы.

Қайғылы оқиғаға куә болған балалалардан түгел жауап алынған. Ал ауылдасына жұдырық жұмсаған 11-сыныптың оқушысы қамауда отыр.

«Түнгі сағат он шамасында Байзақ ауылында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында жандал болып, 2011 жылы туған жасөспірім алған жарақатынан қайтыс болды. Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірім бүгін ұсталып, полиция бөлімінде тергеліп жатыр», - деді Құралай Өскенбекова, Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы.

Марқұмның жақындары тергеуге алынған көрші баланың бұған дейін теріс қылығын байқамадық дейді. Олар баласының өлімі абайсызда болғанын айтып, күдіктіге кешірім беретінін айтуда. Енді істің мән-жайы тергеу қорытындысына сай жарияланбақ.

Айта кетсек, Байзақ ауданындағы бұл бірінші жағдай емес. Екі жыл бұрын мектеп ауласында 8-сыныптың оқушысы соққыға жығылып көз жұмған. Онда мектеп әжетханасында 9-сыныптың оқушысы өзінен кіші балаларға әлімжеттік көрсетіп қол жұмсаған.