Алматыда жылыту маусымы басталады: егер ақау шықса, қайда хабарласу керек
Алматыда жылу беру маусымы 9 қазанда басталады. Қала әкімдігінің өкілдері жылу беруде ақау шықса, тұрғындарға қайда хабарласуды айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жылыту маусымы басталар алдында Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін штаб құрылады. Жылу болмаса, құбырлар жарылса немесе басқа да ақау шықса, тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі бойынша Бірыңғай диспетчерлік орталыққа, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына хабарласа алады.
"Нысандарды жылумен жабдықтауға қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте жылу әлеуметтік маңызы бар нысандарға – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелеріне, сондай-ақ халық үшін ерекше маңызы бар басқа да нысандарға беріледі.
Одан кейін көппәтерлі тұрғын үйлер мен өзге де нысандар жылу жүйесіне қосылады", - деп атап өтті Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Тұрғындарға пәтерлеріндегі радиаторлар мен бекіту арматураларының жарамдылығын алдын ала тексеріп алу ұсынылды.
"Жылыту жүйесіне өз бетінше араласу, оның ішінде радиаторларды шешу немесе суды ағызу апаттық жағдайларға, жүйе жұмысының бұзылуына және тік құбырлардағы жылудың өшіп қалуына әкелуі мүмкін", - деп ескертті әкімдіктегілер.
Бұған дейін Алматыда жылу беру маусымының басталу мерзімі – 9 қазан, жұма деп хабарланған. Алайда тұрғын үйлерге жылу кейінірек беріле бастайды.