Қоғам

Таиландқа барған шетелдік туристер енді қосымша төлем төлеуі мүмкін

Таиланд туристерге қатысты жаңа жүйе енгізбек. Енді 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап, бұл елге келушілерден 450 бат (шамамен 6 мың теңге) көлемінде төлем алынуы мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Таиландқа келген шетелдіктерден 450 бат (шамамен 6 мың теңге) алынуы жоспарланып отыр.

Таиландтағы туристік бизнес өкілдері жаңа төлемді әзірге енгізбеуді сұраған. Бұл туризм саласына қосымша салмақ түсіру деп санайды. Өйткені су тасқыны бірнеше өңірде әлі жалғасып жатыр. Пандемиядан кейін шетелдік туристер келіп үлгермеген. Сондықтан қонақүй иелері мен туроператорлар қосымша төлем Таиландқа баруға деген қызығушылығын азайтатынын айтады.

Үкімет туристерден жиналған ақшаны екі негізгі бағытқа жұмсауды жоспарлап отыр. Біріншісі – туристерді сақтандыру. Төлемнің бір бөлігі Таиландқа келген шетелдіктерді елде болған уақытында автоматты түрде сақтандыруға жұмсалады. Демек туристің денсаулығына немесе өміріне қатысты жағдай болса, сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.


Екіншісі – туризм инфрақұрылымын дамыту. Қаражаттың қалған бөлігі танымал туристік орындарды жаңартуға, табиғатты қорғау жобаларына және су тасқыны сияқты табиғи апаттардан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге бағытталады.

Таиландқа ұшақпен баратын туристер үшін бұл төлем әуе билетінің бағасына қосылуы мүмкін. Ал елге құрлық немесе теңіз арқылы кіретіндер үшін төлем жасаудың бөлек тәртібі енгізіледі.