Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда мемлекет пен құқық қорғаушылар серіктеске айналды – саясаттанушы

Қазақстанда мемлекет пен құқық қорғаушылар серіктеске айналды – саясаттанушы
Қазақстандағы құқықтық реформалардың тиімділігі азаматтардың мемлекеттік органдармен қаншалықты ашық әрі тең дәрежеде диалог құра алатынымен өлшенеді.

Қазақстан Халық дипломатиясы орталығының вице-президенті, саясаттанушы Виталий Колточник заңнамадағы ауқымды өзгерістердің құқық қолдану тәжірибесіне қалай әсер етіп жатқанын талдады.

Сарапшының бағалауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтыңпрезидентдік кезеңінде Қазақстанда адам құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа тәсіл қалыптасты. Бұл өзгерістер билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі қағидаттарын қамтыды. Мемлекеттік институттар басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтай отырып, өз қызметін заң талаптарымен шектеп, қабылданған шешімдердің негіздемесін түсіндіруге көбірек мән бере бастады.

Бұл тәсіл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамаларының іс жүзіндегі жүзеге асуынан көрінеді. Яғни мемлекеттік институттардың тиімділігі азаматтардың құқықтық кепілдіктерімен қатар қарастырылады.

Өзгерістердің нақты көріністерінің бірі – 2020 жылы бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың хабарлама тәртібіне көшуі. Енді митинг пен пикет өткізу үшін ұйымдастырушылар іс-шараға дейін бес жұмыс күні бұрын хабарлама берсе жеткілікті. Ал жергілікті атқарушы органдарға оны қарау үшін үш күн беріледі. Келісу тәртібі тек шерулер мен демонстрацияларға қатысты сақталған.

Құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге 2025 жылғы 20 қаңтардағы Конституциялық Соттың қаулысы да әсер етті. Конституциялық бақылау органы егер жөндеу жұмыстарына немесе басқа да іс-шараларға байланысты акцияны ұйымдастырушы таңдаған жерде өткізу мүмкін болмаса, әкімдік оған іс-шараның мақсаты мен ауқымын ескере отырып, басқа орын немесе уақыт ұсынуға міндетті екенін нақтылады.

Құқық қорғау саласындағы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл тәсілдері де өзгерді. 2022 жылдан бастап Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанында құқық қорғаушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына күштік құрылымдар, Әділет министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері, сондай-ақ адвокаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері кірген.

Сарапшының айтуынша, бұл тетік құқық қорғаушыларды жүйелі түрде сын айтатын тарап ретінде емес, қоғамдық бақылау саласындағы серіктес ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Ұлттық адам құқықтары орталығына құқық қорғаушылардың құқықтары бұзылғаны туралы бірде-бір өтініш түспеген.

Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі – Конституциялық Соттың қайта құрылуы. Соның нәтижесінде азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарына нұқсан келтіретін нормативтік-құқықтық актілерге тікелей дау айту мүмкіндігі берілді. Ал 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіздігін бекітті.

Сот тәжірибесіндегі маңызды өзгерістердің бірі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің енгізілуімен байланысты. Жария-құқықтық дауларда мемлекеттік органның кінәлілігі презумпциясы заң жүзінде бекітілді. Яғни сотта азаматқа ауыртпалық түсіретін актінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеу міндеті оны қабылдаған мемлекеттік органға жүктеледі.

Жүргізілген реформаларды бағалай келе, Виталий Колточник олардың нәтижелілігі ендігі жерде өңірлердегі құқық қолдану тәжірибесіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, сот жүйесі, әкімдіктер мен лауазымды тұлғалардың белгіленген рәсімдерді бұлжытпай сақтауы және қоғамның талаптарына негізді әрі уақтылы жауап беруі маңызды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар