Басты жаңалықтар

Ботулизм: Денсаумин Ақтауда 9 жасар баланың өліміне қатысты мән-жайды түсіндірді

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында 9 жасар бала ауыр уланудан көз жұмған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, бастапқыда туыстар ас ішуден улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған.

2016 жылы туған бала Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына 19 қыркүйекте түскен. Сол күні жағдайының ауырлығына байланысты ол Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды.

Медицина мамандары балада тағамдық ботулизм болуы мүмкін деп күдіктенген.

"Балаға ботулизмге қарсы сарысу егіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды және қарқынды терапияның барлық кешені жүргізілді. Науқасты тасымалдауға болмайтын жағдайын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы республикалық деңгейдегі мамандарды тартты. Өңірге Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі мен анестезиолог-реаниматолог дәрігер жеке келіп, емдеу тактикасын түзетті. Кейіннен тұрақты түрде консилиумдар мен телемедициналық консультациялар өткізіліп тұрды", – деп хабарлады министрлік.

Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне және реанимациялық шараларға қарамастан, аурудың ауыр ағымы салдарынан балада қайтымсыз өзгерістер болған – мидың ісінуі, полиоргандық жеткіліксіздік және III дәрежелі кома дамыды. 6 қазан күні баланың өлімі тіркелді.

Қазір ауруханада отбасының тағы үш мүшесі емделіп жатыр. Баланың әкесінің беті бері қарап келеді, қалған екі ересек адам облыстық көпбейінді ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің ботулотоксиннен туындайтын ауыр және өлімге әкелуі мүмкін ауру екенін еске салды. Ол жүйке жүйесін зақымдап, салдануға, жұтыну мен тыныс алудың бұзылуына әкеп соғады.

Технологиясы бұзылып дайындалған немесе сақталған өнімдер токсиннің негізгі көзіне айналады: кептірілген және ысталған балық, үй консервілері, ет өнімдері.

Дәрігерлер қазақстандықтарды бұзылу белгілері бар, иісі өзгерген, қақпағы ісінген немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алынған өнімдерді тұтынбауға шақырады.