СІМ 14 қазақстандық Ресейдегі елшілікке жеткізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:48
- 42
Сыртқы істер министрлігі бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов Telegram-арнасында мәлім етті.
"Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін", - деп жазды Үсенов.
Ол мәселе тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Ведомство азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды, сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды.



