Үкімет жәрдемақы түрлері мен оны тағайындау шарттарын бекітті: кімдер ала алмайды
Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау ережелері өзгереді.
Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілетін болады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Үкімет жәрдемақының 10 түрінен тұратын тізімді, сондай-ақ оларды тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау және төлеуді тоқтату шарттарын бекітті.
Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы қаулысымен жәрдемақы тағайындау, тоқтата тұру, қайта тағайындау және төлемдерді тоқтату шарттары, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау шарттары бекітілді.
Құжатқа берілген қосымшаға сәйкес, тізімге 10 жәрдемақы түрі енеді:
- бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасау бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатқан, он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіргенге дейінгі (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейінгі) балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша қайтыс болған асыраушының асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын адамдарға арналған мемлекеттік жәрдемақы;
- мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.
Жәрдемақылар, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде мұқтаждық қағидаты бойынша беріледі.
"Мұқтаждық қағидатына сәйкес, жәрдемақы алуға, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлемге Кодекстің 24-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган цифрландыру, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітетін отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі арқылы белгіленген әлеуметтік әл-ауқат деңгейі жоғары ("А" деңгейі) және ауқатты ("B" деңгейі) адамдардың құқығы жоқ, - делінген құжатта.