Бұрынғы сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев жаңа қызметке тағайындалды
Сыртқы істер министрі болған Ермек Көшербаев Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкілетті елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.
Ермек Көшербаев – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің және КСРО СІМ Дипломатиялық академиясының түлегі.
Еңбек жолын Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Ұзақ уақыт бойы Қазақстан СІМ жүйесінде түрлі қызметтер атқарды, соның ішінде Швейцариядағы елшілікте жұмыс істеді. Сондай-ақ Президент аппаратында консультант болды, Президенттің протоколдық қызметінің басшысы міндетін атқарды, премьер-министрдің көмекшісі болып жұмыс істеді.