"Сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды": Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы қаралы күн жайлы жазды
Каспий теңізінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова қаралы күні болған жағдайды есіне алып, жазба қалдырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Каспий теңізінде болған жағдайды естіген ана жан ұшыра Ақтауға жолға шыққан.
«Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен?» деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тоғыз баланы құтқара алмағанын естігенде, өзімді қоярға жер таппадым. Ақжолдың сол балалардың ішінде бар-жоғын білмей, тек Алладан тіледік. «Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!» деп жалбарындық. Телефонның ар жағынан әкесінің жылаған дауысын естіген сәтте. Одан асқан ауырлық бар ма екен», – деп еске алды сарбаздың анасы.
Сол сәтті есіне алған ол өмір бойы есінде қалатынын жазады.
«Ақтауға жақындай бергенде, Азаматымның Анасы WhatsApp қа жазды. Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Не сезінгенімді, қалай жылағанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бауырыма айқайлап: «Қатты айдашы! Тезірек жетейікші! Штрафын өзім төлеймін!» деп жалына айқайладым. Сол сәтте мен үшін жол ережесі де, айыппұл да, басқа ештеңе де маңызды емес еді. Тек балама тезірек жетсем екен, аман екенін өз көзіммен көрсем екен деген бір ғана тілек болды. Ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болады екен. Баламның амандығын білмей өткен сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды», – деп жазды ол.