Қоғам

Жұманғарин алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыруға қатысты айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Үкіметте өткен брифингте журналистер бағаның өсуі қазақстандықтардың табысына да әсерін тигізіп жатқанын және бұл мәселені шешуге қатысты сұрақ қойды.

Жұманғариннің айтуынша, биыл жалақының айтарлықтай өсімі көлік және қойма саласында - 28,8 пайызға байқалған. Ауыл шаруашылығында жалақы 18,6 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде - 16,5 пайызға, құрылыста - 14,4 пайызға, өнеркәсіпте - 11,4 пайызға өсті. Бұл ретте білім беру, өнер, ақпарат және байланыс салаларында, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте жалақы өсімі әлдеқайда төмен - шамамен 3–5 пайыз көлемінде.

Серік Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына қатысты айтты. Жалақы өсімі шамамен үш жылда бір рет жоспарланатынын атап өтті.

"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі бойынша біз орташа жалақыны 1,9 есеге, ал төмен жалақы алатын мемлекеттік қызметшілер санатына 2,2 есеге көтердік. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап аз жалақы алатындардың еңбекақысын тағы 16 пайызға арттырдық", - деді премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ, министр азық-түлік өнімдерінің қымбаттап жатқанын мойындады.

"Қыркүйекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаның 0,1 пайызға төмендеуі алғаш рет тіркелді. Біз бағаның өсу қарқыны жоғары болмауы үшін жұмыс істеуге тырысамыз", - деп атап өтті ол.