"Дәулетті адамдар мемлекеттен көмек алмауы тиіс": Бектенов әлеуметтік төлемдерге қатысты айтты
Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты қазақстандықтар әлеуметтік төлемдер түріндегі мемлекеттік көмекті алмауы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабаралайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Құрылтай отырысында Олжас Бектеновке бюджет тапшылығы туралы сұрақ қойылды.
Осыған орай премьер-министр әлеуметтік төлемдер реформасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл шара мемлекеттің жәрдемақыларға жұмсайтын шығындарын азайтып, үнемделген қаражатты басқа қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді.
"Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қағидат толық күшінде жұмыс істейді. Мысалы, бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Ауқатты, өзін-өзі асырай алатын дәулетті адамдар мемлекеттен көмек алмауы тиіс", – деді Бектенов.
Олжас Бектеновтің сөзінше, мемлекет тек өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтындарға ғана көмек береді.
Бектенов бұл шаралардың нәтижесінде 2027 жылы 700 миллиард теңге, ал үш жыл ішінде шамамен 2,5 триллион теңге үнемделетінін айтты.