"Менің өткен өмірім жоқ": Дариға Бадықова тойдан кейін жазба жариялады
Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова тойдан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Актриса өмірінде қандай қиындықтар болса да, өткенге байланып қалмай, алға ұмтылуды таңдағанын жеткізді.
“Мен өткен өмірімді жария етпесем де, өткенім туралы ән айтпасам да, басымнан өткен тағдырымды киноға айналдырмасам да, өз тарихым бар! Мен өткеніммен өмір сүргім келмейді. Мен тек алға жылжуды таңдадым. Жақсы күндердің келетініне сендім. Бақыттың да, махаббаттың да, ғажайып сәттердің де маған бұйыратынына сендім”, – деп жазды актриса.
Дариға Бадықованың айтуынша, бұл бақытты күндерді ерекше күткен.
“Сол сенімімнің сыйындай болып, өміріме осындай ғажап күн келді. Сол күннің құрметіне маған ән арналды. Бұл ән – бүгінімнің бақыты. Бұл ән жараланған жүректің зары емес, қайта бақытқа сенген жүректің жеңісі”, – деді ол.
Сондай-ақ, актриса өткен өміріне емес болашаққа қарайтынын жеткізді.
“Менің өткен өмірім жоқ. Менің тек бүгінім мен келешегім бар! Өйткені мен өткенімді әңгіме етуді емес, болашағымды әдемі етуді таңдаған әйелмін”, – деп түйіндеді актриса.