Бірлік пен әралуандық: ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстан тәжірибесі айтылды
Қазақстандағы қоғамдық келісімнің негізінде азаматтардың тең құқықтары, мәдени әралуандықты құрметтеу және ұлтына қарамастан әлеуметтік қолдауға қол жеткізу мүмкіндігі жатыр.
Бұл қағидаттардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны және этносаралық қатынастарды нығайтуда қандай рөл атқаратыны туралы Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Адами өлшем жөніндегі конференциясының тоғызыншы сессиясында айтты.
Депутаттың сөзінше, шынайы теңдік Конституцияда бекітілген құқықтармен ғана шектелмейді. Оның іс жүзіндегі маңызы – әр адамның сол құқықтарын пайдаланып, өмірлік қиын жағдайға тап болғанда қажетті қолдау ала білуінде.
Байсақова Қазақстандағы этносаралық келісім үлгісіне де ерекше тоқталды. Оның негізінде тең құқықтылық, өзара құрмет және әр этностың мәдени болмысын сақтау қағидаттары жатыр. 120-дан астам этнос өкілі тұратын елде бұл ұстанымдардың қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті сақтауда маңызы зор.
Әртүрлі этностық қауымдастықтардың қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндік беретін тағы бір тетік – Қазақстан Халық Кеңесі. Жаңа институттың 126 мүшесінің 42-сін этномәдени бірлестіктер ұсынған. Байсақованың айтуынша, мұндай өкілдік жалпыұлттық маңызы бар мәселелерді талқылау кезінде түрлі этностардың мүддесін ескеруге және қоғам мен мемлекет арасындағы диалогті нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат саны аз этностық қауымдастықтардың, соның ішінде рома мен синти өкілдерінің құқықтарына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ол келтірген ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда рома этносының шамамен 4,4 мың өкілі тұрады.
Осыған байланысты депутат этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды жалғастырудың, құқықтық сауаттылықты арттырудың және адамдарды білім, мәдениет пен бірлескен қызмет арқылы біріктіретін қоғамдық бастамаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
«Әр адамның құқығына бірдей құрмет көрсете отырып, өзгешеліктерді қабылдау – кемсітпеудің негізгі қағидаты», – деп түйіндеді Зүлфия Байсақова.