Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын маман иелері белгілі болды
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар тізімін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстанда айына 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлер саны көбейген.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, биыл 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өскен. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді. Айына 100–300 мың теңге табатын қызметкерлердің үлесі де 43%-дан 39,3%-ға азайған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, орташа айлық атаулы жалақы кәсіптердің тоғыз ірілендірілген тобының барлығында өскен.
2025 жылмен салыстырғанда ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас салалардағы жұмысшылар арасында тіркелген. Олардың жалақысы 13,1%-ға артқан. Өндірістік жабдық операторларының, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға өскен.
2026 жылы жекелеген кәсіптер мен лауазымдар бойынша есептелген орташа айлық жалақы мынадай болды:
- Ұйым басшылары – 1,1 миллион теңге;
- инженерлер – 702 мың теңге;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлер – 645 мың теңге;
- инженер-технологтер – 617 мың теңге;
- инженер-энергетиктер – 615 мың теңге;
- дәрігерлер – 491,4 мың теңге;
- бухгалтерлер – 398,6 мың теңге;
- фармацевтер – 347,7 мың теңге;
- автокөлік жүргізушілері – 328,1 мың теңге;
- техниктер – 314,7 мың теңге;
- фельдшерлер – 313,6 мың теңге;
- медбикелер – 264,6 мың теңге;
- аспаздар – 192,6 мың теңге;
- күзетшілер – 174,2 мың теңге.