Қоғам

Астанада автобуста жүру жол ақысы 150 теңгеге дейін қымбаттайды

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру және багаж тасымалдау тарифтері өзгереді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Жаңа тариф бойынша қазан айының соңына қарай қалалық автобустарда қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда жол жүру құны 150 теңгені құрайды. Осындай тариф әлеуметтік маңызы бар бағыттарда да қолданылады.

Қалалық экспресс маршруттарда қолма-қол ақшасыз төлем немесе жол жүру құжаты арқылы төлеу - 300 теңге.

Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда қалалық бағыттағы жол жүру құны 300 теңге, ал экспресс бағытта 400 теңге болады.

Қала маңындағы бағыттарда тариф қолма-қол ақшасыз төлем кезінде километрге 13 теңгені, ал қолма-қол ақшамен төлегенде километрге 19 теңгені құрайды.

Бұл ретте жеңілдігі бар көлік картасымен әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жол жүру тегін болып қалады.

Қаулыда егер электронды төлем жүйесі жұмыс істемесе, электронды жол жүру билетін немесе басқа да қолма-қол ақшасыз төлем сервистерін пайдаланатын жолаушылар тегін жүре алатыны көрсетілген.

Өзгерістер қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.