Енді алты ай күтпей-ақ пәтер сатып алуға болады
15 қазаннан бастап Отбасы банк құрылыс компанияларының серіктес жобаларынан баспана сатып алуға арналған жаңа несие тетігін енгізді. Енді мұндай пәтерлерді алу үшін бағалау көрсеткішін жинап, алты айға дейін күтудің қажеті жоқ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұған дейін өтініш берушінің бағалау көрсеткіші кемінде 5 балл болуы талап етілетін. Клиенттер осы деңгейге жету үшін алты айға дейін қаражат жинайтын. Жаңа тетік аясында серіктес құрылыс компанияларының нысандарынан пәтер алатындарға бұл талап қолданылмайды. Дегенмен несие сомасының 50 пайызына тең жинақтың болуы міндетті.
Аралық қарыздың бастапқы номиналды мөлшерлемесі жылына 8,5 пайыз болып белгіленген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9–9,6 пайыз аралығын құрайды. Кейін номиналды мөлшерлеме 3,5–5 пайызға дейін төмендейді, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6–6,9 пайыз болады.
Жаңа тетікке алғашқы болып BI Group қосылды. Компания Астана, Алматы, Шымкент және Атыраудағы жобаларынан 600 пәтер ұсынып отыр. Банк SAT NS және QazaqStroy компанияларымен де серіктестік келісімдерін аяқтау үстінде.
Баспана алуды жоспарлаған азамат алдымен құрылыс компаниясынан пәтер таңдап, оны брондауы қажет. Броньды растайтын хатты алғаннан кейін Отбасы банктің бөлімшесіне жүгінуге немесе менеджерге бейнеқоңырау арқылы өтініш беруге болады.
Банк «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін де өтінімнің жарамдылық мерзімін ұзартты. Бұл мүмкіндік бағдарлама бойынша мақұлдау алғанымен, әлі пәтер таңдап үлгермеген азаматтарға беріліп отыр.
2026 жылдың көктемінде өтінімі мақұлданған шамамен 2 мың адамның баспана таңдау мерзімі бұрын 12 қарашада аяқталуға тиіс болған. Енді олар 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін тұрғын үй таңдай алады.
Отбасы банктің дерегінше, биыл «Наурыз» бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Олардың арасында 35 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.