Қоғам

Қазақстанда қандай отбасы әл-ауқаты жоғары және ауқатты деп саналады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қандай отбасы әл-ауқат деңгейі жоғары және ауқатты саналатын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Қазақстанда отбасылар әлеуметтік әл-ауқаттың бес санаты бойынша жіктелетінін хабарланған еді.

A – әл-ауқат деңгейі жоғары; 

B – ауқатты деңгей; 

C – қанағаттанарлық деңгей; 

D – экономикалық тұрғыдан осал деңгей; 

E – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей.

Санатты анықтау кезінде қаржылық жағдай, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының, қымбат автокөліктердің, жеке бизнестің және айтарлықтай жер активтерінің болуы сияқты көрсеткіштер жиынтығы ескеріледі.

"Атап айтқанда, критерийлердің бірі – қаржы жағынан қамтамасыз етілу деңгейі, яғни отбасының әр адамына шаққанда 7 күнкөріс минимумынан басталады. Сондай-ақ адам басына шаққанда 120 шартты шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы, люкс-класс автокөліктері, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ жер учаскелерінің айтарлықтай көлемі және тағы басқалары ескеріледі", - деп түсіндірді Еңбек министрлігіндегілер.

Алайда отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттау үшін оның қаржылық жағдайы ескеріледі. 

"Атап айтқанда, қаржылық жағдай, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлік, көлік құралдары, несиелік міндеттемелер, бизнестің, жер учаскелерінің, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы, сондай-ақ отбасының әлеуметтік сипаттамалары ескеріледі. Осылайша жеке пәтердің, автокөліктің немесе басқа да жеке мүліктің болуы өздігінен отбасын жоғары қамтамасыз етілген деп тануға негіз болмайды. Қорытынды санат ескерілетін мәліметтердің жиынтығы бойынша анықталады", - деп толықтырды ведомстводағылар.

Азаматтар өздері және отбасы туралы қолжетімді мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер ақпараттан қате анықталса, оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады.