Қоғам

Алматыда инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

Инклюзивті білім беру және инфрақұрылым: Алматы аудандарында жаңа мектептер мен орталықтар ашылады.

Алматы әкімдігінде қаладағы инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық отырыста ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алу процесінің үзіліссіздігін қамтамасыз ету тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арнайы психологиялық, педагогиялық қолдау көрсету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесі қарастырылды.

Абзал Нүкенов инклюзивті және арнайы білім беру - мемлекеттік білім беру саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, әрбір баланың сапалы білім алуға деген құқығын түгелдей қамтамасыз ету, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау және балаларға қажетті қолдау көрсету қажет. 

- Мемлекет басшысы инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Алматы қаласында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, арнайы психологиялық, педагогиялық қызметтердің қолжетімділігі, мемлекеттік білім беру тапсырысын тиімді іске асырылуы, медициналық қорытындылардың негізділігі және балалардың білім алу процесінің үзіліссіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Аталған мәселені шешу үшін білім беруге сауықтыру, әлеуметтік қорғау және балалардың құқықтарын қорғау саласына қатысты бірқатар кешенді шараларды іске асыру қажет, - деді қала әкімінің орынбасары.

Жиын барысында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қаладағы инклюзивті және арнайы білім беру мекемелерінің жұмысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, қалада ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау үшін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарды қосқанда 58 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 8 мектеп-интернат бар. Онда 2 919 бала білім алады: 1 955 бала интернатта тұрады, 924 бала үйде оқиды. Сонымен қатар 10 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК) және 15 балабақша жұмыс істейді. ППТК-ларда 3 158 бала, түзету балабақшаларында 1 126 бала қамтылған. Жалпы білім беру ұйымдары бойынша 227 мектепте 6 394 бала қамтылған.

Басқарма басшысы саладағы өзекті мәселелердің бірі - кадр тапшылығы екенін айтты. Аталған білім беру ұйымдарында 1 636 қолдау маманы жұмыс істейді. Оның ішінде 422 психолог, 796 педагог-ассистент, 225 дефектолог және 193 логопед бар. Қазіргі уақытта 362 маманға тапшылық байқалады. Атап айтқанда, 270 педагог-ассистент қажет.  Бұл мәселені шешу үшін келесі жылдан бастап педагогтардың жалақысын 50%-ға көтеру жоспарланып отыр.

Абзал Нүкенов кадр тапшылығын азайту үшін қажетті мамандарды даярлау бойынша ЖОО-лармен бірлескен жұмысты дамытуды тапсырды. Сондай-ақ, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қажет екенін мәлімдеді.

Одан бөлек ПМПК және ППТК қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың шағымдарын ескеру қажеттілігі айтылды. Қала әкімінің орынбасары олардың қызмет сапасына байланысты кері байланыс құралдарын ұйымдастыруды тапсырды.

Жиын кезінде Сәкен Аралбаев кейінгі төрт жылда ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) балалар саны екі еседен асып, 30,7 мыңға жеткенін атап өтті. Сондықтан бүгінде қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар қолға алынған. Алдағы уақытта Әуезов және Түрксіб аудандарында екі психологиялық-педагогиялық түзету кабинеттерін ашуды жоспарланған. Оған қоса, №164 мектептің және №41 мектептің бұрынғы ғимараты ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттары ретінде қайта ашылмақ. Ал Орбита шағынауданындағы бұрынғы балабақша ғимаратында аутизм орталығы ретінде қайта құру бойынша құжат дайындалып жатыр.

Сонымен қатар Наурызбай және Алатау аудандарында үш жер телімін арнайы мектеп-интернаттарының құрылысына бөлу жоспарланған. Абзал Нүкенов мұндай мекемелерді қаланың әр ауданында ашу - қала тұрғындары үшін қолжетімділікті арттыратынын атап өтті.

Қала әкімінің орынбасары ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс барысында селқостыққа жол беруге болмайтынын хабарлады. Сондай-ақ осы бағытта мемлекет тарапынан бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдалануын қадағалауды талап етті. 

- Өкінішке қарай, қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны айтарлықтай артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл бағытта жұмылып, белсенді түрде әрекет етуіміз қажет. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын төмендетуге, негізсіз қаржыландыруға және заңнама талаптарының бұзылуына жол берілмеуі тиіс, - деді ол.

Жиын барысында жауапты мамандарға қысқы мезгілге оқу орындарының, оның ішінде мектеп-интернаттарының дайындығын күшейту тапсырылды.

Абзал Нүкенов өз сөзінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын мектеп-интернатқа орналастыру жүйесін реттеу қажет екенін мәлімдеді. Айтуынша, балаларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, құқықтық негізде ескірген талаптарды өзектендіру керек. Ол мұндай мектептерге өмірлік қиын жағдайдағы, шынайы мұқтаж отбасылардың балаларына орын берілуі тиіс екенін атап өтті.