Қазақстандықтарға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келе бастайды
Қазақстанда профилактикалық тексерулер мен екпелер туралы SMS-хабарламалар жіберу іске қосылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, 19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындары скринингтен өту қажеттілігі туралы SMS-ескертулер ала бастайды. Хабарламалар 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келеді.
"Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қоса алғанда, алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады", - делінген хабарламада.
26 қазаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жүргізілген вакцинациялау туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама жіберіледі.
"Егер хабарламадағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберу арқылы бұл туралы хабарлай алады. Ақпарат тексеру жүргізу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі", - деп мәлім етті министрлік.