2027 жылдан бастап Қазақстанда автокредит рәсімдеу талаптары қатаңдамақ
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:25
- 24
Мемлекеттік жеңілдетілген автонесие бағдарламасында көлік күткендер көп, алайда несие беру көлемі шектеулі. Ал екінші деңгейлі банктер биыл автонесие беруді 23%-ға қысқартқан. Бұған қоса, проблемалық қарыздардың көбеюі несие рәсімдеу талаптарының қатаңдауына себеп болып отыр.
"Банктерде қайтарылмай жатқан несиелердің үлесі өсіп келеді. 90 күннен астам уақыт төленбеген қарыздар 4,1% болса, 2023–2025 жылдары есептен шығарылған несиелердің үлесі екі есеге жуық өсіп, 2,9%-ға жеткен. Осылайша, проблемалық несиелердің жалпы үлесі шамамен 7%-ға дейін артқан", – Ұлттық банкінің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің бас маманы Сұлтан Мұратов.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер автокредит берерде азаматтың жалпы қарыз жүктемесін ескереді. Яғни, клиенттің ипотека мен басқа да несиелерді өтеуге жұмсайтын қаражаты есепке алынады.
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, автонесиенің орташа жылдық мөлшерлемесі 24%-дан асады. Оның сөзінше, мұндай жоғары пайызбен көлік сатып алу кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан бұл – автонесие нарығындағы негізгі кедергілердің бірі.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, жаңа талаптар автонесие нарығындағы жағдайды айтарлықтай өзгерте қоймайды.
"Несие алғанда ақшаның қарыз екенін, оны кейін өз қалтасынан қайтаратынын әркім түсіне бермейді. Сондықтан Үкімет талаптарды сәл қатаңдатуды көздеп отыр. Қарызды қайтармау көрсеткіші 5,3%-дан 5,6%-ға өскен. Дегенмен бұл 6%-ға да жетпейді. Сол себепті автонесие банктер үшін тиімді бағыттардың бірі болып қала береді деп ойлаймын”, – деді ол.
Автонесие алуға кедергі келтіретін басты мәселе — жоғары пайыздық мөлшерлеме. Қазір несие пайызы жылына 30%-ға дейін жетсе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 35% болып отыр. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі автонесие пайыздарының да аздап арзандауына әсер етуі мүмкін.


