"Шұғыл 80 мың теңге керек болып тұр": полиция WhatsApp пен Telegram-дағы жаңа алаяқтық жайлы ескертті
Қазақстанда алаяқтар балалар байқауын сылтауратып, азаматтардың WhatsApp және басқа да мессенджердегі аккаунттарын бұзып жатыр.
Олар таныс адамның атынан хабарлама жіберіп, сілтеме арқылы дауыс беруді сұрайды. Солтүстік Қазақстан облысында осындай жолмен жасалған 14 алаяқтық дерегі тіркелген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, алаяқтар алдымен бөтен адамның мессенджердегі аккаунтына кіріп, оның таныстарына хабарлама таратады. Хабарламада "Балама дауыс берші" немесе "Біздің қызымыз байқауға қатысып жатыр" деген өтініш болуы мүмкін. Оған дауыс беруге арналған сілтеме қоса жіберіледі.
Мұндай хабарлама таныс адамнан келгендіктен, көпшілік күмәнданбай сілтемеге өтуі мүмкін. Бірақ оның артында алаяқтар тұруы ықтимал. Сілтеме арқылы ашылған жалған сайт азаматтың аккаунтына кіруге қажетті мәліметтерді қолға түсіру үшін пайдаланылуы мүмкін. Аккаунтқа кіріп алған соң алаяқтар оның иесінің атынан басқа адамдарға ақша сұрап жаза бастайды. Мәселен, "Шұғыл 80 мың теңге керек болып тұр, кешке қайтарамын" деген хабарлама жіберуі мүмкін. Егер танысы көмектесуге келіссе, ақша аударатын банк деректемелерін жолдайды. Ал аккаунттың шын иесі осы уақытта мессенджеріне кіре алмай қалуы мүмкін. Тіпті өзінің атынан өзгелерден ақша сұралып жатқанын білмеуі де ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің айтуынша, өңірде осы тәсілмен жасалған 14 алаяқтық дерегі тіркелген.
"Кез келген мессенджердегі аккаунт бұзылуы мүмкін. Оның ішінде кеңінен қолданылатын WhatsApp та бар. Есте сақтайтын маңызды нәрсе – танысыңыздың аккаунты алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Сондықтан хабарлама жақын адамыңыздан келсе де, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Оған кәдімгі телефон арқылы хабарласып, мұндай өтінішті шынымен өзі жібергенін анықтаңыз", – деді ол.
Полиция алаяқтардың тек дауыс беруді сұрап қана қоймай, басқа да сылтаулармен сілтеме жіберетінін ескертті. Мәселен, "Мына суреттегі сен емессің бе?" деп, фотосуретті қарауды ұсынуы мүмкін. Мұндай сілтемелер азаматтарды зиянды бағдарламалар орналасқан сайттарға бағыттауы ықтимал.