Депутат логопед, дефектолог, психологтардың жалақысын көтеруді ұсынды
Бүгін Құрылтайда екі депутат ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге көмектесетін педагогтер мен мамандардың жалақысы мен жұмыс жүктемесі мәселесін көтерді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы депутаттық сауалдарды Лариса Ли мен Айнагүл Балташева жолдады.
Лариса Лидің мәліметінше, бұл салада 12 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл ретте жалақы мөлшері мекеме мен лауазымға байланысты айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, денсаулық сақтау ұйымдарындағы психологтар, логопедтер және басқа да медициналық емес бейіндегі мамандар "өзге персонал" санатына жатқызылуы мүмкін.
"Бұл бір пациентке көмек көрсетуге қатысатын, бірақ кәсіби мәртебесі әртүрлі мамандардың еңбекақысындағы айтарлықтай алшақтыққа әкелуі мүмкін", - делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар депутат психикалық денсаулық саласындағы кадр тапшылығы мәселесін де атап өтті.
"Қолда бар мәліметтерге сәйкес, психикалық денсаулық сақтау ұйымдарында 300 мыңнан аса азамат есепте тұрса, тиісті бейіндегі әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың штаттық бірлік саны шамамен 163-ті құрайды", - делінген сауалда.
Лариса Ли еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауды, бейінді мамандарды жеке лауазымдық санаттарға бөлуді, жоғарылату коэффициенттері мен үстемеақылар белгілеуді ұсынады. Қосымша шығыстарды бюджеттік қаржыландыру есебінен қамтамасыз ету ұсынылып отыр.