Қоғам

Атырау облысында туған ұлы өзін қорлағанын айтқан қария сот алдында оқиғаны ұмытып қалды

Атырау облысында 90 жастағы қарияның өз ұлынан таяқ жеп, үйінен қашуға мәжбүр болғаны туралы іс сотқа жетті.

Алайда сот басталар тұста ақсақалдың денсаулығы сыр беріп, болған оқиғаны есіне түсіре алмай қалған. Ал күдікті ұлы әкесін ұрды деген айыпты жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

90 жастағы Әділхан Сисенов жазда кенже ұлының өзін ұрып-соғып, тамақсыз қамап қойғанын айтып, үйінен түн ішінде терезе арқылы қашып шыққанын баяндаған. Сол кезде жарақаттары мен болған оқиғаны анық есінде сақтаған қария қазір бәрін ұмытып қалды. Қарындасының айтуынша, ақсақал қазір Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында, ұлының үйінде тұрып жатыр.

"Мен сонда алып кетпесем, үйіне байлап қоя ма деп қорықтым. Бұл кісі: “Сол жерде тағы 3-4 күн жатсам, өліп кетер едім. Сосын “өліп қалыпты” деп барып шығарар едіңдер”, – дейді. Ол үйден бір аруақ қолдап, әзер қашып шықты. Не жазығы бар?! Баға алмаса, басқа балаларына берсін! Баласы “Қайтып келсең, өлтіремін” деп қорқытқан. Мен оны қайтадан сол үйге жіберем бе?! Өз көзімізше, жедел жәрдемнің алдында да “Қайтып келсең, өлтіремін” деп айтты", – деді қарияның қарындасы Кенжетай Сисенова.

Әділхан ақсақалдың немересі атасының бүгінгі жағдайына алаңдап отыр. Оның айтуынша, қария бұған дейін өздігінен жүріп-тұрып, ешкімге тәуелді болмаған. Ол сотқа өзі барып, басынан өткен жағдайды айтып беруге ниетті болған. Алайда денсаулығы сыр беріп, қазір болған оқиғаны есіне түсіре алмай қалған.

“Қазір атам ештеңе білмейді, бәрін ұмытып қалған. Сот үш ай бұрын басталғанда, ол бәрін есінде сақтап, сұрақтарға жауап берер еді ғой. Өзі де сотқа өз аяғыммен барамын деп күтіп жүрген. Бірақ қазір атамыз осындай күйге түсті”, – деді ол. 

Қарияның басынан өткен жағдай Сағыз ауылын да дүр сілкіндірген. Оның замандастары өмір бойы бала өсіріп, отбасын асыраған ақсақалдың қартайған шағында өз үйінен қашуға мәжбүр болғанына қынжылады.

"Әкесін ұрып-соқты" деп айыпталған Қанат Сисенов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

“Мұның барлығы жала. Қазір оқиғаға қатысты сот әлі біткен жоқ. Сол себептен сот аяқталғанша мен сізге ештеңе айта алмаймын”, – деді ол.

Қылмыстық оқиға Қызылқоға ауданында болғанымен, іс Жылыой ауданының сотында қаралады.