Жамбыл облысында ер адам бұрынғы әйелін есінен танғанша ұрып, қолын сындырған
Жамбыл облысында 35 жастағы ер адам бұрынғы әйелінің денсаулығына зиян келтірген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жамбыл соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, сот апелляциялық тәртіпте денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру фактісі бойынша 35 жастағы азамат У.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
"Тараз қаласының №2 соты сотталған мен жәбірленушінің бұрын некеде тұрғанын, ал ажырасқаннан кейін бірге тұруды қайта бастағандарын анықтады", - делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айында ерлі-зайыптының арасында тұрмыстық негізде жанжал шыққан. Жанжал барысында У. әйелді бірнеше рет бетінен ұрған, әйел адам есінен танып қалған. Оның қолы да сынған.
2025 жылдың қыркүйегінде әйел қолының ауырсынуы және медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі туралы хабарлаған кезде, У. оны қорлаған. Жанжал кезінде ол жәбірленушіні итеріп жіберіп, содан кейін кішкентай баласымен бірге пәтерден кетіп қалған.
Бірінші сатыдағы сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Тараз қаласы №2 сотының үкімімен У. Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сотталған ер адам сот актісін даулап, оған қатысты ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Апелляциялық алқа іс материалдарын зерттеп, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.