Қоғам

Қазақстанда әскери қызметшілерге төленетін төлем ережелері өзгерді

Қазақстанда Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери қызметшілерге жалақы мен жәрдемақы төлеудің кейбір талаптары өзгерді. Ішкі істер министрінің 28 қыркүйектегі №682 бұйрығына сәйкес, жаңа талаптар 30 қазаннан бастап күшіне енбек, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Енді жұмысқа себепсіз келмеген күндерге ақы төленбейді. Бұдан бөлек қылмыстық іске байланысты тергеуге алынған әскери қызметшілердің төлемі мен ақталған жағдайда алатын қаражаты да нақтыланды.

Жаңа талап бойынша, әскери қызметші бір ай толық қызмет атқармаса, ақшасы жұмыс істеген күндеріне қарай есептеледі. Мұндай жағдайда командир әскери қызметшінің қай күндері болмағанын көрсетіп, арнайы бұйрық шығаруы тиіс.

Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген әскери қызметшілерге қатысты да өзгеріс бар. Егер әскери қызметші күдікті деп танылып немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша командирдің қарамағында болса, осы кезеңде оған ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша төленеді. Қазір бұл сома 85 мың теңгені құрап отыр.

Жұмыс орнынан босатылған әскери қызметкер уақытша командирдің қарамағында болады. Өйткені ол бірден қызметке қабылданбайды. Егер қызметкер басқа лауазымға ауысатын болса, бұрынғы қызметінде алған жалақысы екі айға дейін сақталады. Ал әскери бөлімде құрылым немесе штат өзгеріп жатса, бұл мерзім үш айға дейін созылады.

Бір тәуліктен ұзақ уақытқа созылатын далалық оқу-жаттығуларға қатысқан әскери қызметшілерге қосымша ақы қарастырылған.

Бұл өзгерістер мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға қатысты. Оларға әскерден босатылған кезде берілетін жәрдемақыны рәсімдеу үшін жергілікті әкімдіктің растайтын құжаты қажет.

Бұдан бөлек, шетелдегі әскери оқу орындарында білім алып жүрген қызметшілерге ақша төлеу тәртібі де нақтыланды. Олардың төлемі халықаралық келісімдер мен жасалған шарттарға қарай есептеледі.