Мәдениет

Ақтауда танымал блогер ұсталды: адамдардың сатып алған тауарларын жеткізбеген

Маңғыстау облысында блогер ұсталды.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол сатып алушыларға Қытайдан әкелінген премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан арзанға ұсынған. Алайда ақшасын төлеген адамдарға тапсырыстары жеткізілмеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Блогер Instagram желісінде ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы қоса алғанда, түрлі тауардың жарнамасын жариялаған. Өнімдерді жарнамалау үшін танымал парақшаның иесі де тартылған.

Жарнама жарияланғаннан кейін азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, жеке кәсіпкердің шотына ақша аударған. Бірақ кәсіпкер қаражатты жеке қажетіне жұмсап жіберген. Ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға ақша аударған жәбірленушілер тергеу кезінде анықталды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау, сондай-ақ өзге де ықтимал жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бейресми деректерге сәйкес, іске қатысы бар блогер 29 жастағы Салтанат Аманқосова. Екі баланың анасы әлеуметтік желіде жеке өмірі туралы айтып, түрлі брендтерге жарнама жасаумен айналысады.

Маңғыстау облысының полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде сақ болуға, сатушылар туралы мәліметтерді мұқият тексеруге және күмәнді шоттарға ақша аудармауға шақырды.