Қоғам

Қазақстанда университетте төрт жыл оқу міндетті емес: Үкімет түсініктеме берді

Қазақстанда университетте бакалавриаттың үш жылдық оқу форматын дамыту мәселесі қарастырылып жатыр.

Қазақстанда университетте бакалавриаттың үш жылдық оқу форматын дамыту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бакалавриатта оқу мерзімі - төрт жыл. Дегенмен заңнама жоғары оқу орындарына студенттер дәл сол бағдарламаны үш жыл ішінде игеріп шығатындай оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Үкіметтің депутаттарға берген жауабында түсіндіргендей, үш және төрт жылдық бакалавриат бағдарламаларының негізгі айырмашылығы оқу ұзақтығында. Студенттер белгіленген академиялық кредиттерді меңгеріп, қажетті оқу нәтижелеріне қол жеткізуге тиіс.

Көптеген бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу көлемі – 240 кредит. Кейбір бағыттарда кемінде 300 кредит талап етіледі.

«Бұл формат білім беру бағдарламасын механикалық түрде қысқарту емес, кадр даярлау сапасына нұқсан келтірмей, оқу процесін икемді ұйымдастыру мүмкіндігі ретінде қарастырылуы мүмкін», - делінген премьер-министрдің жауабында.

Үш жылдық оқу форматын енгізу кезінде мамандықтың ерекшелігі ескеріледі. Әсіресе, медицина, ветеринария, өнер, педагогика, жаратылыстану, инженерлік-техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша оқу бағдарламаларын жеке қарау қажет. Өйткені бұл салаларда теориялық біліммен қатар ұзақ мерзімді практикалық даярлық та маңызды.

Үкімет мәліметінше, қазіргі таңда 16 мыңнан аса студент триместрлік жүйе бойынша білім алып жатыр. Мұндай форматты Astana IT University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа да университеттер қолданады.

Алайда оқу мерзімін қысқарту университет шығындарын немесе білім алу ақысын автоматты түрде азайтпайды.

2027 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек министрлігімен, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жылдық оқу форматына талдау жасауды жоспарлап отыр.

Студенттерді даярлауға жұмсалатын шығындар, түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың табысы және жұмыс берушілердің қанағаттану деңгейі бағаланады.

Талдау қорытындысы бойынша үкімет бұл жүйені дамытудың алдағы шараларын айқындайды.