Ақмола облысында әкесі мен ұлы 77 жылқы ұрлады деген күдікке ілінді
Ақмола облысында 77 жылқы ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының екі тұрғыны — әкесі мен баласы ұсталды. Шығын көлемі – 25,4 миллион теңге, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола полицейлері еркін жайылымнан жылқы табынын ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының екі тұрғынын ұстады. Иесіне келтірілген залал 25 450 000 теңгені құрады. Тергеу барысында иесіне 40-тан астам мал қайтарылды.
Іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілердің ізіне түскен. Тергеу нұсқасы бойынша, көктемде әкесі мен баласы жылқы табынын Ерейментау ауданынан Степногорск қаласына айдап әкелген. Кейін малды қала сыртындағы қораларға қамап, біртіндеп сата бастаған.
Полиция тергеу барысында аман қалған 40-тан астам жылқыны тауып, заңды иесіне қайтарды.
Қазір екі күдікті де қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.