Басты жаңалықтар

Атырау облысында бір отбасының жоғалуы: Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі өмірі жайында айтты

Бұрынғы күйеуі жақындарын өлтіріп, өзін шетелге алып қашқан Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Ол ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қазасынан әлі күнге дейін бейхабар. Қазір оның басты мақсаты – балалар үйіне орналастырылған бес баласын өз қамқорлығына алып, үйіне қайтару. Туыстары Ақбаянға қолдау көрсетіп, қосымша ем алуына қажет қаражат жинауға көмектесуді сұрап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Ақбаян Мұқанғалиева елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан кейін өмірге қайта бейімделуге тырысып жүр. Қазір ол жақындарының ортасында, үй жағдайында емделіп, оңалту шараларынан өтіп жатыр. 

Туыстарының айтуынша, әйелдің толық сауығуына әлі көп уақыт қажет. Олар Ақбаянның аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуына көмектесіп жүр. Алайда ол бір күні ата-анасы, ағасы мен әпкесі туралы сұрай ма, деп алаңдайды.

Ақбаянның туысы Әсилә Мұқанғалиеваның айтуынша, мамандар оған қайғылы жағдайдың мән-жайын әзірге айтпауға кеңес берген.

“Мамандар Ақбаянның шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Сондықтан әзірге ештеңе айтпай отырмыз. Ертең-ақ бәрін жайып салсақ, оның жағдайы не болмақ? Қайтадан жанын жаралап аламыз ба деп қорқамыз. Сондықтан әзірге күтіп, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік бергіміз келеді”, – дейді ол.

Ақбаян Мұқанғалиева басынан өткен ауыр оқиғалардан кейін психикалық денсаулық орталығына түскен. Бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиев оның ата-анасын, ағасы мен әпкесін өлтіріп, кейін Ақбаянды ертіп, Индонезияға қашып кеткен. Алғашында әйелдің өзі де күдікке ілінген. Алайда олар табылған кезде Ақбаянның жағдайы ауыр екені, айналасында не болып жатқанын түсінбейтіні анықталған.

Мәліметке сәйкес, Ақбаян бесінші баласын ауыр жағдайда босанған. Оған ота жасалып, өмірінің біраз кезеңі есінен шығып кеткен. Психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оған қатысты барлық күдік сейілген.

Қазір әйел балаларының есімі мен туған күндерін жақсы білетінін айтады. Ол балаларын апта сайын барып көріп, үйіне алып кетуді армандайды.

“Кішкентай жылайды. “Мені алып кетші” деп сұрайды. Үлкендері бәрін түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа жерде ем қабылдап жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады”, – дейді Ақбаян Мұқанғалиева.

Туыстарының айтуынша, Ақбаян бұрынғы өмірін есінде сақтаған, жақындарын да таниды. Алайда бесінші баласы дүниеге келген соң оның жадынан өшкен. Қазір әйелдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Сондықтан оған білікті мамандардың көмегі аса қажет.

Ақбаянның туысы Шалқар Мұқанғалиеваның сөзінше, әйелдің өмірге деген құлшынысын қайта ояту маңызды.

“Ақбаянның өмір сүргісі келмей қалды. Енді оның бойындағы өмірге деген құлшынысты қайта оятуымыз керек. Алматыға немесе Астанаға апарып, білікті мамандарға көрсетсек пе деп ойлап жүрміз. Бірақ оны апарып, емдету үшін қаражат қажет. Өз күшімізбен ондай соманы жинай алмай отырмыз”, – дейді ол.

Қазір Ақбаянның жақындары жерлестерінен көмек сұрап отыр. Олар әйелдің толық сауығып, бес баласын балалар үйінен алып, қайтадан бір шаңырақ астында өмір сүруіне мүмкіндік туады деп үміттенеді.