Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қызылордада ең ауқымды «REPUBLIC DAY» ЖӘНЕ «BEREKE FEST» акциялары ұйымдастырылуда

Қызылордада ең ауқымды «REPUBLIC DAY» ЖӘНЕ «BEREKE FEST» акциялары ұйымдастырылуда
Қызылорда облысы әкімдігі
Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.

Солардың бірі «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары аясында Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға жергілікті өнімдерді нарықтағыдан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік берілді.

Жәрмеңкені аралаған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр диқандарының маңдай терімен келген өнімдерді көріп, сауда алаңындағы қызу тіршілікпен танысты.
Дәстүрлі шараға өңірдің барлық аудандары мен қала шаруалары қатысып, 450 жүк көлігімен 1200 тоннадан астам өнім ұсынды. Сауда сөрелерінен Сырдың ақ күріші, Аралдың балығы мен ас тұзы, ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдары орын алды. Өнімдердің нарықтағыдан төмен бағамен сатылуы тұрғындар үшін тиімді мүмкіндікке айналды.

Әр аудан жәрмеңкеге өз несібесін ала келді. Қармақшы ауданы 150 тоннаға жуық өнім жеткізсе, Жалағаш пен Сырдария аудандарының шаруалары 200 тоннадан өнім ұсынды. Аралдың балығы, Қазалының кәмпиттері, Жаңақорғанның көкөністері мен Шиелінің ауыл шаруашылығы тауарлары да тұтынушылардың сұранысына ие болды. Ал Тасбөгет кентінде Шиелі ауданының шаруалары 150 тоннадан астам өнімін саудаға шығарды.

Мұндай жәрмеңкелер ауыл еңбеккерлерінің еңбегін елге танытып қана қоймай, өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтады. Шаруалар өнімін тікелей саудалап, тұрғындар сапалы тауарды қолжетімді бағамен сатып алады. Бұл – жергілікті өндірісті қолдап, өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Мереке қарсаңында облыста «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары да жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда өңірдегі 31 сауда нысаны осы бастамаларға қатысып, тұтынушыларға түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Bereke Fest» аясында 5–25 пайыз, ал «Republic Day» акциясы бойынша 10–50 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар сауда орындарында концерттік бағдарламалар, патриоттық әндер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй қалыптастырылуда.

Берекелі күздің шырайын кіргізген жәрмеңке мен сауда акцияларының түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын қолдау, отандық өнімге сұранысты арттыру және ішкі сауданы жандандыру. Еңбек пен бірлікті ұлықтаған осындай бастамалар Республика күнінің мәнін тереңдете түсіп, ел игілігіне бағытталған жұмыстардың маңызын айқындайды.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар