Қоғам

217 млн теңге шығын: ҚМА «R.O.I.» қаржы пирамидасының басшысына тергеу жүргізуде

Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген, елден ақша жинаған «R.O.I.» қаржы пирамидасының былығы әшкере болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар жұртты жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына алдап шақырған. Ал қатысу үшін үлестік жарна төлетіп, соның арқасында қомақты ақша жинап алған.

Қазір 275 азамат жәбірленуші бар. Оларға келтірілген жалпы шығын – 217 млн теңге болды. Агенттік тергеу барысында ұйымдастырушылар кеңес беру қызметінің ақысы деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде "Кәусар" жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталғанын мәлімдеді.

“2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда "ShynSaulet", "Berekeli Shanyrak", "Aya-Aru", "Jasmin", "USCoop" және "Baiterek" атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған. Бұл ұйымдар "R.O.I." тұтыну кооперативі басшысының бақылауында болған”, – деп хабарлады ҚМА.

Соттың рұқсатымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.